Баянауыл ауданының әкімі

СҮЙЕР ҰЛЫҢ БОЛСА, СЕН СҮЙ, СҮЙІНЕРГЕ ЖАРАР ОЛ

Уақыт өткен сайын шоқтығы биік тұлғалардың даңқы да биіктей береді. Сондай тұлғалардың бірі-Шәкен Кенжетайұлы Айманов.   Қазақ кино өнерінің бірегей тумасы, Баянауылдың атақты перзенттерінің бірі Шәкен Кенжетайұлы Аймановты жас ұрпаққа таныту мақсатында биыл Шәкен аға атындағы мектеп-интернатта ІІІ аудандық Шәкен оқулары өтті.

Мектепте Ш.Айманов атындағы мұражай жабдықталды. Шәкен Кенжетайұлының немересі Дина Аймановамен мектепте керемет кездесу болды. Оқушылар Шәкен Айманов туралы сұрақтар қойып, кездесудің соңында кино сардарының өзі шырқаған «Жиырма бес» әнін немересі орындады. Шәкен Аймановтың есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында маусымның жиырма бесінші жұлдызында қазақ киносының жарық жұлдызы  Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың туған жері-Айманбұлақтағы қыстауға белгі тас қойылды. Тас қоюшы Шәкен Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернатының педагогикалық ұжымы. Шараға қатысқан ардагер ұстаз Өзіхан қажы Сағындықұлы мен мектеп-интернат директоры Досмағамбетова Салтанат Сейітжанқызы белгітас лентасын қиды. Өзіхан қажы Шәкен ағамызға, оның әке-шешесіне арнап дұға оқыды. Шараны Ахатов Таңат Қуанұлы арнау өлеңімен бастады. Шараға қатысқандар Айманбұлақтың тұма табиғатын тамашалап, Шәкеннің туған үйінің орнын көріп, бейнежазбаға түсірді. Мектебіміздегі мұражайтанушы  Рахымтаев Ержан Бақтыбайұлы кино саңлағы туралы деректермен бөлісті. Осы игі бастаманы қолға алып,  жүзеге асырған мектеп-интернат директоры  С.С.Досмағамбетоваға, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Т.М.Қалышбековке, Баянауыл мемлекеттік ұлттық  табиғи  паркінің директоры С.Б.Ахметжановқа, өлкетанушы Алтынбек Жұматұлына және мектебіміздегі мұражай жетекшісі Е.Б.Рахымтаевқа  ұстаздар қауымы дән риза. Шәкен ағамыздың үйінің орнынан мұражайға қою үшін арнайы топырақ алынды. Алдағы уақытта бұл жерге оқушыларды бір күндік саяхатқа әкелу жоспарланып отыр.

 

 

 

 

Ш.Айманов атындағы ЖОББ мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Сәкенова Ғалия Тоқбайқызы

©2008-2017 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы