Баянауыл ауданының әкімі

Бірлік ауылдық округі әкімі аппаратының 2016 жыл бойы әлеуметтік -экономикалық салада атқарған жұмыстары туралы ауылдық округі әкімінің есептік кездесудегі ТЕЗИСІ

Бірлік ауылдық округінің аумағында Бірлік және Ақмектеп ауылдары орналасқан. Статистикалық мәлімет бойынша жалпы халық саны – 1010 адам. Ауылдық округтің аумағы – 332623 га.  Ауылдық округ аумағында ірі таукен орындары – «Сарыкөл»  және «Талдыкөл» көмір кеніштері жұмыс істеп тұр.

Ауыл шаруашылық саласы.  

Ауылдық округтің даму бағыты мал шаруашылық саласы. 2017 жылдың 01 қаңтарына ірі қара мал 3840 (104,2 пайыз) басты, қой  4997 (108 пайыз)  басты, ешкі 1462 (97,3 пайыз)  және жылқы 2627 (122,8 пайыз)  басты құрап отыр. Ауылдық округ аумағында 51 шаруа қожалық және 1 ЖШС-і жер телімін алса, соның ішінде Бірлік ауылдық округінде 46 шаруа қожалық  тіркелген.  39-ы бүгінгі күні жұмыс істеп тұр.  Оның ішінде 17 шаруа қожалық ірі қара малды асылдандыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Жаңадан 12 шаруа қожалық ашылды.

Кәсіпкерлік саласы.

Ауылда 7 шағын кәсіпкерлік субъектілері бар. 4 сауда орындары және 1 наубайхана жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде ауылда СТО, шиномантаж, кондитерлік цех, жылыжай, асхана, дүкен және т.б. кәсіптермен  айналысуды қалаушылар бар.

Ветеринария саласы.

Ауылдық округ бойынша бруцелез ауыруына қан тексеру сараптамасынан 5290 бас ірі қара өтсе, соның 63 басы аталған ауруға оң нәтиже берді (1,2%). 

Оның 19 басы Ақмола облысындағы Сабынды ауылындағы шұжық цехына тапсырылды. Мал иелеріне бюджеттен қарастырылған өтемақы толық төленді. Қалған 44 бас мал иелерінің өз қажеттіліктеріне жұмсалды.

7294 ұсақ қара малдан бруцелез ауруына қан тексеру сараптамасы жүргізіліп, аурудан таза екені анықталды.

Жалпы ветеринариялық профилактикалық алдын ала екпе жұмыстары: Сібір жарасына - 4800 бас ірі қараға, 5200 бас  ұсақ қараға және 1600  бас жылқыға жүргізілді. Қарасан ауруына қарсы – 3300 бас ірі қараға, Туберкулезге қарсы – 4800 бас ірі қараға, Құтырма ауруына қарсы– 540 бас ірі қараға, 440 бас ұсақ қараға, 240 жылқыға, сонымен қоса пастереллез ауруына қарсы – 440 бас ірі қараға, 510 бас ұсақ қараға, 100 бас жылқыға жүргізілді.

200 бас иттерге дигеминтизация жұмыстары жүргізілді. 30 бас иессіз иттер ауланды.

     Құқық қорғау саласы.

2016 жылдың 12 айы бойынша ауылдық округ аумағында 7 қылмыс тіркелді. Оның ішінде  мал ұрлығы бойынша – 5, адам өлтіру фактісі бойынша – 1 және зорлау бойынша – 1 қылмыстық іс тіркелді. Мал ұрлығы бойынша ашылған 4 қылмыстық іс сотқа жіберіліп, арыз беруші тараптардың шығындары қайтарылып, кінәлі адамдар жауапқа тартылды. 1 қылмыстық іс бүгінге дейін ашылған жоқ. Оның себебі мал иелерінің өз малдарына салғырт қарауы, оның ішінде мал бақташымен бағылмайды немесе бақташымен мал иесі арасында келісім шарттын жоқтығы болып отыр. Осы мәселе бойынша учаскелік полиция инспекторы арнайы жұмыс жүргізіп, шаруа қожалықтарда 31 еңбек шарттары жасалды.

2016 жылы ауылда мал бағу мәселесі шешілмеді. Себебі мал бағуға бақташы тапшы болды. Алдағы уақытта бұл мәселе алдын ала шешімін тауып отыр. Себебі  Қытай ХР-нан келген ағайындарға мал бағу кәсібімен айналысу ұсынылып, келісілді.  

Өткен жылы жалпы 138 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттамалар толтырылып,  жалпы айыппұл сомасы 612969 теңгені құрады. Оның бүгінгі күні 219620 теңгесі бюджетке төленді (36 пайыз).

Денсаулық сақтау саласы

Бірлік ауылында 2016 жылы 9 нәресте дүниеге келді. (2015 жылы 20 нәресте)

Қайтыс болғандар 8 адам (оның ішінде 2 адам еңбекке кабылетті жастағы, 2015 жылы 7 адам, оның ішінде еңбекке қабілетті 4 адам)

Жыл сайын ауыл тұрғындарын және арнайы жастағы балаларды жоспарға сәйкес профилактикалық тексерістен өткізіледі. 2016 жылы тексерілген үлкендер саны 393 адам болса, тексеру нәтижесінде 1 адам су самыр ауруымен, 3 адам артериялық қан қысым анықталды. Жыл басынан оның ішінде жүрек ауруына шалдыққандар 2 адам, қан қысымы жоғары 1 адам, қантты су самырымен (сахарный диабет) шалдыққан 1 адам анықталды. Тексерілген балалар саны 256 болса, оның ішінде төмен қан аздығымен 6 бала есепке алынды. Аталған жылы 22 адам әртүрлі аурулармен есепке алынды. (2015 жылы 28 адам есепке алынды.)

Жыл сайын жылжымалы флюкар ауыл тұрғындарын тексерістен өткізеді. 2016 жылы 64 адам тексерістен өтіп, туберкулезбен 1 адам есепке алынды. (2015 жылы 75 адам өтті, туберкулезге шалдыққандар анықталмаған.)

Сондай-ақ жыл сайын Екібастұз қаласынан жылжымалы амбулатория келіп, халыққа тегін дәрігерлік тексеріс өткізеді.

Ауылдық дәрігерлік амбулаторияның дәрігері бекітілген кестеге сәйкес Бірлік және Ақмектеп ауылдарына әр айдың бірінші және үшінші сәрсенбісінде қабылдау жүргізеді. Амбулаторияда 1 бас медбике және 3 медбике жұмыс істейді.

Әлеуметтік сала.  

Жыл бойында 5 адам тұрақты, 14 адам маусымдық жұмысқа алынып,  11 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Бүгінгі күні ауылдық округ бойынша жұмыспен қамту орталығында 15 жұмыссыз азаматтар тіркелген. Ауылдық округ аумағындағы шаруа қожалықтарда 8 бос жұмыс орындары бар және олар келісім шартқа сәйкес жұмысқа қабылдауға дайын.

«Қарттар күні» мерекесін ауылдық «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен және шаруа қожалықтардың демеушілігімен қарттарға арналған салтанатты дастархан концерттік бағдарламасымен бірге ұйымдастырылды.

«Қайырымдылық айлығы» аясында «Мерей-ЭК» ЖШС-і көп балалы 2 отбасыға көмір сатып алуға 15 мың теңгеден және коммуналдық пәтерлерінің қарыздарын төлеуге қаржылай көмек берді.  Оралман 2 отбасыға және мешітке 22 тонна көмірмен «Дамир» ШҚ көмектесті.

 «Сарыкөл» көмір кенішінің басқармасы тарапынан әлеуметтік жағдайына сәйкес 8 отбасыға 5 тонна көлемінде тегін көмір босатылды. Майкөбе көмір кенішінен 11 отбасыға 3 тоннадан және мешітке 7 тонна тегін көмір таратылды.  

Ағымдағы жылдың қараша айында Ақмектеп ауылының тұрғыны Қ.Мукановтың шөбі жанып кеткен болатын. Көмек ретінде ауыл тұрғындары бір тіркеме шөппен қамқорлық жасады. Олар:  Смайылов Рысбай, Тұмайкенов Мерхат, Иманбеков Нұриден, Тұмайкенов Қанат және Жақсылықов Санияз. Мұсатаев Арман 4 қап кебекпен көмектесті.

Білім саласы.

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерей тойы қарсанында мектепке батыр-бабамыз, Ұлы Отан соғысының ардагері Ж.Ақәділовтың есімі берілді.

2016 жылы мектепті 9 түлек бітірді. Оның 8-і ҰБТ-ға қатысып, 1 оқушы мемлекеттік емтиханды дәстүрлі түрде мектепте тапсырды. ҰБТ тапсырған оқушылардың орташа балл көрсеткіші 90,3 құрады. Түлектердің 6 жоғары оқу орнында, 3 орта кәсіптік оқу орындарында оқиды.

Мектептің екі оқушысы аудандық пән олимпиадасына қатысып, 10- сынып оқушысы Айдаболов Айтмұхаммед физика пәнінен жүлделі ІІ орынды иеленді. Жалпы олимпиадалар қорытындысы бойынша Бірлік мектебі ауданда жүлделі ІІІ орынға ие болды.

2016 жылы 3,3 млн теңге көлеміндегі қаражатқа конкурс женімпазы жеке кәсіпкер Қ.Тоқпаев мектеп ішіндегі жылы дәретханаларды күрделі жөндеуден өткізді.

Мектеп қазандығы мен жылу жүйесі трассасының күрделі жөндеуіне бүгінгі күні сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, бюджеттен 42,0 млн теңгеге сұраныс жасалынды.

Мәдениет саласы.

2016 жылы Бірлік ауылдық мәдениет үйінде 60-тан аса іс-шаралар өтті. Қатысқан көрермендер саны 1720 адамды құрады. Мәдениет үйінде домбырадан үйірме жұмыс істеп тұр. 684 мың теңге қаржыға мәдениет үйіне қажетті құрал-жабдықтар алынды.

Мәдениет үйінің алаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен боздақтарына арналған ескерткіш қайта жаңартудан өтті.

Спорт саласы

2016 жылы ХІХ аудандық халықтық және халықаралық спорттық спартакиядадан аудан бойынша 14 ауылдық окруктердің арасында 9-шы орынды иелендік.

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерей тойына орай Бірлік ауылында 14 тамыз айында шағын футболдан мешіттер арасында аймақтық жарыс, 22 тамызда шағын футболдан  жастар арасында Бірлік ауылының ауыспалы кубогымен аймақтық жарыс, 15 наурызда және 14 желтоқсанда жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен аймақтық жарыс ұйымдастырылды. 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесінде ат жарыс және қазақша күрестен Бірлік барысы өтті.

ҚР «Заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңына сәйкес 2016 жылы жеке және заңды тұлғалардан  27 өтініш түсіп, оларға түсініктеме берілді. Ауылдық округ әкімінің жеке қабылдауы кестеге сәйкес әр сәрсенбі сағат 15.00-18.00-ге дейін өтеді.                                                                                       

 ҚР «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына сәйкес 2016 жылы 148 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Мемлекеттік қызметтің мерзімінің бұзылуы немесе шағым түсу фактілері болған жоқ.

       

                Бірлік ауылдық округінің әкімі                                                  С. Аханов

©2008-2017 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы